АҚШ пен Колумбия президенттерінің телефон арқылы сөйлесуі екі ел басшылары арасындағы саяси шиеленісті сейілтіп, тараптар алдағы уақытта Вашингтонда жүздесуге уағдаласты, деп хабарлайды sayasatlive.kz NBC News-ке сілтеме жасап.
Ақ үй басшысы Дональд Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында колумбиялық әріптесі Густаво Петкомен кездесуге дайын екенін растады. Ол ақпан айының алғашқы аптасында Колумбия президентін қабылдауды асыға күтетінін және бұл қадамның екі мемлекетке де тиімді болатынына сенім білдірді. Дегенмен, Трамп басты назар аударылатын мәселені де ашып айтты.
«Америка Құрама Штаттарына кокаин мен басқа да есірткі импортын тоқтату өте маңызды. Осы мәселеге назар аударғаныңыз үшін рақмет!» — деп жазды АҚШ президенті.
Колумбияның Қорғаныс министрі Педро Санчес те президентпен бірге Вашингтонға баруды жоспарлап отыр. Министрдің сөзінше, екіжақты келіссөздерден кейін АҚШ тарапынан әскери шабуыл жасалуы мүмкін деген қауіп сейілген. Ол Трамптың келіссөздерге ашықтығын «үлкен құрмет» деп бағалады.
Санчес Колумбияның Батыс жарты шардағы есірткіге қарсы күресте АҚШ-тың негізгі одақтасы екенін еске салды. Қазіргі таңда ресми Богота Венесуэламен шекаралас аймақтарды қатаң бақылауға алған. Шекараны күзетуге шамамен 30 мың әскер жұмылдырылып, венесуэлалық «Tren de Aragua» қылмыстық синдикаты мен ELN ұйымының әрекеттері жіті қадағалануда.
Айта кетейік, АҚШ пен Колумбия арасындағы қарым-қатынас Густаво Петро 2022 жылы билікке келгеннен кейін салқындай бастаған еді. Тіпті қазан айында Трамп әкімшілігі Петро мен оның отбасына есірткі саудасына қатысы бар деген айыппен санкция салған болатын (Петро бұл айыптауларды жоққа шығарған). Алайда, соңғы оқиғалар дипломатиялық байланыстың қайта жанданғанын көрсетеді.
Жақында ғана Колумбия билігі АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсетті есірткімен күрес жұмыстарымен танысу үшін елге шақырған болатын.























