Риддерде полицейді балағаттаған тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылды

Риддер қалалық соты «102» операторына қоңырау шалып, былапыт сөз айтқан ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды sayasatlive.kz KAZINFORM-ға сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, қала тұрғыны түнде полицияға бірнеше рет қоңырау шалып, кезекшінің көмекшісін балағаттаған. Ол тәртіп сақшыларының қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертуіне құлақ аспай, заңға қайшы әрекетін жалғастыра берген. Нәтижесінде оған билік өкілін қорлау бабы бойынша айып тағылды.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді және жәбірленушіден кешірім сұрады.

«Айыпталушының бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны жазаны жеңілдететін жағдай ретінде ескерілді. Сот оған 80 сағаттық қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады», — деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында дәрігерге жала жапқан зейнеткерге қатысты сот шешімі шыққан болатын.

Ұқсас ақпараттар