Қазақстан құрамасының қорғаушысы карьерасын Түркияда жалғастырады

Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Лев Скворцов Түркияның «Серикспор» клубымен ресми түрде келісімшартқа отырды, деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Түркиялық клубтың баспасөз қызметі 25 жастағы қазақстандық қорғаушымен бір жылдық келісімге қол қойылғанын мәлімдеді. Аталған команда Түркия бірінші лигасының (деңгейі жағынан екінші дивизион) қатысушысы және қазіргі таңда 20 клубтың ішінде турнир кестесінің 12-ші сатысында тұр.

Лев Скворцов бұған дейін ішкі біріншілікте «Астана», «Атырау», «Тұран» және «Ақтөбе» сияқты командалардың намысын қорғаған. Сонымен қатар, оның халықаралық тәжірибесі де бар: футболшы ресейлік «Химки» және «Шинник» клубтарында өнер көрсеткен.

«Серикспор» жаңа ойыншының құрметіне Instagram желісінде арнайы бейнеролик жариялады. Онда Скворцовтың ұлттық құрама мен қазақстандық клубтар сапындағы әсерлі сәттері көрсетілген.

Еске сала кетейік, бұған дейін тағы бір қазақстандық футболшы Ислам Чесноков қостанайлық «Тобылдан» Шотландия чемпионатының көшбасшыларының бірі «Хартс» командасына ауысқан болатын. Жалпы, соңғы уақытта отандық футболшылардың трансферлік құны өсіп келе жатқаны байқалады.

Ұқсас ақпараттар