Тбилисиде өтіп жатқан семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізіп, командалық жарыста қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды sayasatlive.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасы жартылай финалға дейін жетіп, қазіргі әлем чемпионы Италияны жеңді. Финал жолдамасы үшін Токио Олимпиадасының чемпионы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Жапониямен кездесіп, бір ұпай айырмасымен жол берді. Ал қола үшін болған кездесуде тоғыз дүркін Олимпиада чемпионы Франция құрамасын тізе бүктірді.
Қазақстан сапында Кирилл Проходов, Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов және Эльмир Әлімжанов өнер көрсетті. Бұл – еліміздің семсерлесу тарихындағы командалық есептегі ең ірі жетістік болып отыр.