Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, биылғы алғашқы жартыжылдықта жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібі үлесі небәрі 12,4%-ды құраған деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Ол бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Үкімет бұл салада өсім бар екенін айтқанымен, нақты көрсеткіш елде өңдеу өнеркәсібі әлі де экономика өзегіне айналмағанын көрсетеді. Склярдың сөзіне қарағанда, өңдеу секторы 13,7 трлн теңгеге өнім өндіріп, 5,5% өсім берген. Бірақ бұл өсім негізінен азық-түлік, құрылыс материалдары мен химия сияқты ішкі тұтынуға бағытталған өнімдер есебінен болып отыр.
ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,4% деңгейінде қалуы – Қазақстанда индустрияландыру бағдарламалары жарияланғанына он жылдан асса да, өңдеуші экономика толық қалыптаспады дегенді білдіреді.
Нақты экспорттық өндіріс, технологиялық қайта өңдеу және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті секторлар жайлы Үкіметте бұл жолы ештеңе айтылған жоқ.