10.12.2025

Шавкат Рахмоновтың жұбайы жол апатына ұшырап, екі жолаушы қайтыс болды

Жамбыл облысында UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова мінген көлік жол апатына түсіп, салдарынан екі жолаушы мерт болды. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған.

Toyota Land Cruiser Алматы – Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында, Ақсуйек ауылының маңында аударылған. Ұлын және екі құрбысын ертіп шыққан Рахмонованың өзі көлік тізгінінде болған екен. Жол жиегіне шығып кеткен көлік аударылып түседі. Апат салдарынан 39 жастағы З.А. оқиға орнында қаза тапса, 35 жастағы А.С. жедел жәрдем жетпей жатып жан тапсырған.

Гүлайым Рахмонова мен үш жастағы баласы Шу қалалық ауруханасына жеткізіліп, травматология бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Ота қажет емес, жағдайлары тұрақты.

Полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Бұл бап жол ережесін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған оқиғаларға қатысты. Қалған мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты әзірге жарияланбай отыр.

Соңғы жарияланымдар
Ұқсас ақпараттар