Алматы облысында жоғалып кеткен әскери тікұшақты іздестіру барысында құтқарушылар оның фрагменттерін тапты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды sayasatlive.kz.
Ғарыштық мониторинг нәтижесінде Сорбұлақ көлінің бетінде майлы дақ байқалған. Осы аумаққа дереу шыққан құтқарушылар тікұшақ бөлшектеріне ұқсас элементтерді анықтаған.
Қазір оқиға орнында ТЖМ-нің 200-ге жуық қызметкері, 40 техника, 15 су көлігі, 4 кинологиялық топ пен 2 тікұшақ жұмылдырылған. Іздеу түнде де тоқтатылмады. Эхолот, дрон және суасты құрылғылары пайдаланылып жатыр.
Оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасуда. Еске салайық, 25 шілдеде Қорғаныс министрлігіне тиесілі EC-145 тікұшағы жоспарлы ұшу кезінде радардан жоғалып кеткен болатын.