Туризм және спорт министрлігі еліміздің негізгі туристік өңірлеріне инспекциялық сапарлар жүргізіп, демалыс орындарының жағдайын тексерді. Жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ұйымдастырылып, курорттық инфрақұрылымды жаңғырту мен қызмет сапасын арттыруды көздеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ақмола облысында Щучье-Бурабай және Зеренді курорттық аймақтарындағы 41 туристік нысан тексерілді. Олардың қатарында жағажайлар, қайық станциялары, аттракциондар мен санитарлық тораптар бар. Сонымен қатар Үкімет бекіткен Щучье-Бурабай курортты өңірін дамыту жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы да бағаланды.
Осы кезеңде Маңғыстау облысында 33 нысан қамтылды. Ақтау, Жаңаөзен, Қарақия, Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы демалыс базалары мен жағажайларда санитарлық жағдай, қауіпсіздік талаптары және су қорғау нормалары тексерілді. Министрлік өңірлік Жол картасына жағалау инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстар енгізуді ұсынды.
Жергілікті әкімдіктерге анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тапсырма берілді. Жұмыс сапарының қорытындысында министрлік туристік саланы дамытуға бағытталған Жол картасын әзірлеуге кірісті. Онда қауіпсіздік, санитарлық талаптар және қызмет сапасы негізгі басымдық ретінде қарастырылады.