Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне күш қолдану және қатыгездік таныту жағдайларына байланысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынын мәлімдеді.
Президент Үкіметке тиісті заңнамалық өзгерістер әзірлеуді тапсырды. Бұл түзетулер Парламентте қоғамдық талқылау арқылы қабылданбақ. Мемлекет басшысы мұндай жағдайларға «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша құқықтық тосқауыл қойылуы қажет екенін атап өтті.
Еске салайық, жуырда Қостанай облыстық ауруханасында пациенттің шабуылынан кейін хирург Антон Кистанов ауыр хәлде Астанаға жеткізілген еді. Осы оқиғадан соң Денсаулық сақтау министрлігі күзет шараларын күшейтіп, заңнаманы қатайтуға қатысты бастама көтерді. Заң жобасы қыркүйекте Парламентке енгізіледі.