Қапшағай, Алакөл және Балқаш жағалауындағы жағдайды тексерген жұмыс тобы шенеуніктердің жауапсыздығын анықтады, бірқатарына тәртіптік жаза қолданылды деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев басқаратын ведомствоаралық жұмыс тобы Алматы, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстарындағы курорттық аймақтарды аралап шықты. Тексеру барысында инфрақұрылымның нашарлығы, санитарлық нормалардың сақталмауы және қауіпсіздік талаптарының ескерілмеуі расталды.
Коммуналдық жағажайларда абаттандыру талаптары орындалмаған, чексіз қызмет көрсеткен кәсіпкерлер анықталған. Бұл жағдайға байланысты туризм және спорт вице-министрі мен бірнеше облыс әкімінің орынбасарларына қатаң сөгіс берілді. Қонаев, Балқаш қалалары мен Алакөл, Мақаншы аудандарының, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері де тәртіптік жазаға тартылды. Сонымен қатар туризм, сәулет, экология және өзге салаларға жауапты облыстық басқарма басшылары мен орталық органдардың аумақтық бөлімшелері жауапқа тартылған.
Инспекция нәтижесінде туристік инфрақұрылымды жақсартуға арналған Жол картасы әзірленбек. Сондай-ақ курорттық аймақтарды абаттандыру мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіретін Жобалық кеңсе құрылды.