10.12.2025

Парацетамол – Қазақстанда ең жиі сатылатын дәрі

Қазақстанда бір жыл ішінде таңбаланған дәрілердің ішінде парацетамол сату көлемі бойынша көш бастады: барлығы 3 миллионға жуық қаптама сатылған. Одан кейінгі орындарда натрий хлориді, этил спирті, ацетилсалицил қышқылы және Цитрамон П тұр деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Дәрілерді міндетті түрде таңбалау жүйесі енді әр қаптаманың зауыттан дүкен сөресіне дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе дәрілердің қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, қазақстандықтардың қандай дәріні қай кезде сатып алатынын нақты білуге жол ашып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтар дәріні көбіне аптаның ортасында – сейсенбі мен сәрсенбі күндері сатып алады. Жексенбі – сұранысы ең төмен күн.

Өңірлер бойынша Алматы алда келеді: мұнда 14,1 миллион қаптама сатылған. Одан кейін Қарағанды облысы – 9,2 миллион, Шымкент – 4,9 миллион, Астана – 4,1 миллион.

Бір жылда барлығы 417 миллион қаптама таңбаланған, бұл нарықтың 60 пайызынан астамын құрайды. Оның 252 миллионы – импорттық, 165 миллионы – отандық өнім. Әрбір қаптамадағы бірегей Data Matrix коды дәрінің түпнұсқалығына кепілдік береді.

Соңғы жарияланымдар
Ұқсас ақпараттар