Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру жасындағы азаматтарды күштеп ұстап, әскери бөлімшелерге жеткізу туралы әлеуметтік желі мен БАҚ-та тараған бейнематериалдарға байланысты ресми түсініктеме жариялады.
Ведомствоның хабарлауынша, мұндай шаралар шақыру қағазын жеке табыстау мүмкін болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Министрлік әскери қызметке шақыру науқаны заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Алайда кейбір азаматтардың мекенжай бойынша тіркелмеуі немесе әскери бөлімшеге келуден жалтаруы қиындық туғызып отыр.
Шақыру пунктіне жеткізілген азаматтың әскери қызметке шақырылу негізі болмаса, ол үйіне қайтарылады. Ал негіз болған жағдайда, тиісті медициналық тексеруден өтеді.
Министрлік әскери міндеттен жалтарғаны үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, жалған ақпарат таратпауға шақырды.